Алтынбек Мерсадық

16

«Еліктеу теориясы»: қазақ поэзиясындағы ұқсастық пен көшірме

Әлқисса

 

Адам баласының күні бүгінге дейін жеткен жетістігі эволюцияның арқасында десек, қателеспеген болар едік. Бірі осы сөзіме күмәнмен қарап, шәк келтірсе, екіншісі өзінің «ғылыми көзқарас» деп аталатын даңғыл жолдың қиырындағы жолаушы екенін анық ұғады. Біздің мақсұт — сол «эволюцияның» бар екеніне күмән келтіретіндердің қатарын көбейту емес, керісінше пенде ғұмыры кейде бір-біріне оппозициялық та, адаптациялық та қатынаста болатынын, оның: бастаудан, шиеленістен, дамудан тұратынын көрсету. Демек «адам» деген ұғымды «мәтін» деген өлшемге салсақ, «адам» дегеніміз де — басы, ортасы (дәлірек айтқсақ, қайшылығы көп), соңы бар шығарма дер едік.   

Қош, тақырыптың өзі алыстан менмұндалап тұрғандай, әңгімеміз қазақ поэзиясы хақында болғалы тұр. Әрине, жай ғана қазақ поэзиясы емес, қазақ поэзиясындағы ұқсастық пен көшірме жайлы. Кімдікі ұқсастық немесе кімдікі көшірме екенін нақтылаудан бұрын бұл мәселеде бізде де осындай тенденция болғанын һәм әлі де болатынын айтқымыз келеді. Жазып отырғанымызды авторды қаралау не қастық деп емес, тек ойландыру, ой қозғау деп ұққаныныңызды қалаймыз, қадірлі оқырман! Әрі-беріден соң бұл жазған дүниеміз үшін мені де, мен мысал қылып келтірген авторларды да ешкімнің жазғырмауы қажет. Бұл — ескертпе!

 

Теория

 

Сонымен әуелі тақырыпқа тұздық болып отырған «Еліктеу теориясы» не әрі ол туралы неге сөз шығындап отырғанымызды айтайық. 1890 жылы француз социологі, социологиядағы психологиялық бағытты насихаттаушы Габриэль Тард жазған «Еліктеу заңдары» деп аталатын еңбегінде ғалым: «еліктеу дегеніміз – белгілі бір индивидтің «Мені» мен екінші бір индивид «Менінің» арасындағы мінез-құлық моделі» деген анықтама береді. Ол еліктеудің түріне, негізгі заңына, объектісіне, биологиялық үлгісіне, процесс типіне, нәтижесіне талдау жасай отырып, әрбір қоғам мерзіміне байланысты ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді еліктеуден өтетінін айтады. Г. Тардтың пікірінше, тұлға да, тап та, қоғам да белгілі бір модельге еліктейді. Мәселен, баланың дүниеге келгенде ата-анасына еліктейтінінен бастап, мемлекеттің экономикалық дамуы, тіл мен діннің пайда болуы, тіпті әлеуметтік өмірдегі кез келген процесстер «Еліктеу заңына» бағынатын көрінеді. Ал оның типтері: қайталау, қарама-қайшылық, бейімділік деп аталатын құрылымдардан, негізгі заңдары: еліктеу, оппозиция, адаптация деген сатылардан тұрады. Сондықтан Г. Тард адамның белгілі бір үлгіге яки идеалға еліктеуін қалыпты құбылыс деп есептеген. Енді біз осы «еліктеудің» бір үлгісі ретінде қазіргі қазақ поэзиясындағы ақындардың өлеңіне талдау жасамақ ниетіміз бар. Ал мұндағы біз байқаған дүниелерге ұқсастық не көшірме деп нақты баға беру – менің құзыретімде емес, оқырманның қолында. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, әйгілі ғалым Г. Тард та еліктеудің «қалыпты құбылыс» екенін айтқан. Біз де соны көңіл түкпіріндегі көп сауалға жауап деп қабылдадық...

 

Мысалдар

 

1) Қазір қазақ поэзиясында есім-сойы әбден қалыптасып, өлең өлкесіндегі орнын нық шегелеп алған бір буын бар. Ол — 70 жылдары дүниеге келген буын. Соның ішінде исі қазаққа етене таныс екі ақынның аты жиі ауызға ілігеді. Бірі — Талғат Ешенұлы, екіншісі — Танагөз Толқынқызы. Міне, солардың мағыналық тұрғыдан да, сол сәттегі атмосфераны беруде де «көңіл-күйі» өте ұқсас өлеңі бар. Мәселен, «Де жа вю» деп аталатын өлеңінде

 

Талғат Ешенұлы:

 

Жаңбырлы күз жеткен кезде

жолығыстық, тағдыр ма?

Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде

жас па, әлде, жаңбыр ма?

 

Жаңбырлы күз жеткен кезде

Айырылыстық, тағдыр ма?

Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде

жас па, әлде, жаңбыр ма?

 

Өрекпіген өтті кез де,

Жас құрғаған, жаңбыр да...

Бірдеңе мөлт етті көзде,

бұл не тағы, тағдыр ма?! — дейді. (Қою қара түспен ерекшеледік, есте ұстаңыз...)

Ал Танагөз Толқынқызы болса, ол да өлеңінде «Бұл не мөлт-мөлт еткен көзде?» дейді. Өлеңнің тақырыбы солай. Мұны кім бірінші жазды, кім кімге ұқсай жаздады – аталған сұраққа жауап таппадық. Бірақ бір білеріміз – өлеңдегі аура, көңіл-күй мен «мөлт-мөлт еткен» көздегі мұңның ұқсастығы.

Осы бір өлеңінде Танагөз ақын:

Бәлкім, мен де кешігемін,

Сен бірақ та кешіре біл...

Ойып алып әз көктемді

Тағып кеткен төсіме кім?деп бастап:

Мендей азап шеккен бе екен?

Ол да шөлдеп кеткен бе екен?

Бұл не мөлт-мөлт еткен көзде?

Сіз бе?

...Әлде көктем бе екен? — деп аяқтайды.

Қарап отырсаңыз, екі ақынның шығармасында негізгі мотив осы «мөлт-мөлт еткен көздің» төңірегінде өрбиді. Талғат Ешенұлы «Мөлт еткен көздегі не?» деген сауалға «тағдыр ма?!» деген риторикалық сұрақ қойса, ақын Танагөз Толқынқызы аталған сұрақтың жауабын «Бұл сіз бе, әлде көктем бе екен?» дейтін қос таңдауға сілтейді. Демек бұны Тардтың «Еліктеу» теориясы арқылы түсіндірер болсақ, процесс типі қайталаудан тұратын (екеуінің де негізгі сұрағы: Бұл не мөлт-мөлт еткен көзде?),  мінез-құлқы ұқсас, «Еліктеу заңының» бірінші заңы «еліктеу» дер едік.

2) Одан кейін 80 жылдары дүниеге келген буынның арасында өте танымал бір ақын бар. Аты-жөні — Ақберен Елгезек. Ақынның «Телефон» деп аталатын өлеңінде оның ұялы телефонында әруақтардың нөмірі сақталғаны айтылады. Өлеңдегі бас кейіпкер — өзінің кім екенін білмейтін, қайда жүргенін білмейтін белгісіз, елеусіз жан. Себебі ол өзі танитын адамдардың бір-бірімен сөйлесіп жатқанын көреді де, әрі қарай олармен байланысқа түсе алмайды. Сөйтіп, өзін «...Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып, мен осы?!» дейтін мағынасы айқын (түсіндірме: мағынасы айқын дейтініміз, бұл жерде адамның әруаққа яки арғы өмірге аяқ басып, мына дүниені сырттай бақылап тұрғаны белгілі) ой түбіне жетелейді. Жалпы туындының ұзын-ырғасы — осы. Қарапайым, бірақ оқырманды бір жағынан мистик, екінші жағынан ерекше психо-эмоционал күйге түсіріп, финишін «ауыр үкіммен» аяқтайды.

Ендеше сол Ақберен ақынның «Телефон» өлеңін оқып көрелік:

Менің телефонымда — болашақ әруақтардың аты-жөндері,

нөмірлері жазулы,

Олардың ішінде ағаларым да бар,

інілерім де бар азулы,

Олардың ішінде

қатал апаларым да бар,

боталарым да бар мақтаулы,

дос-қастарымның да,

қарындастарымның да нөмірлері сақтаулы.

Олар бір-бірімен xабарласып жатады,

Дабырласып жатады күні-түн,

Олармен сөйлессем деген менің де бар үмітім.

Ешқайсысына қоңырау шалмаймын,

сүйкей салмаймын нөмірін,

Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін.

Олар да маған xабарласпайды,

қоңырау шалмайды, кеңесіп,

Өздері ғана сөйлесе беретіндері,

сөйлесе беретіндері не осы?!

Ешкім маған xабарласпайды,

Мен де ешкімге xабарласпаймын, о, несі?!

...Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып, мен осы?!..

Ақберен Елгезектің осы өлеңін оқып отырып, ойымызға бірден Валентин Гафттың «Живых всё меньше в телефонной книжке» деп басталатын «Светлая память» өлеңі түсті. В. Гафт жазған өлең мынадай:

 

Живых всё меньше в телефонной книжке,

Звенит в ушах смертельная коса,

Стучат всё чаще гробовые крышки,

Чужие отвечают голоса.

 

Но цифр этих я стирать не буду,

И рамкой никогда не обведу.

Я всех найду, я всем звонить им буду,

Где б ни были они, в раю или в аду.

 

Пока трепались и беспечно жили —

Кончались денно-ночные витки.

Теперь о том, что не договорили,

Звучат, как многоточия, гудки.

 

Мұндағы ұқсас детальдар: телефон, телефондағы нөмір, қоңырау, дауыс. Және ең бастысы — екеуінде де өлеңдегі негізгі мистикалық түйін мен оқиғаның шығармадағы өрбитін тұсы дәл келеді. Тіпті өлеңнің басындағы Ақберен Елгезек жазған «Менің телефонымда — болашақ әруақтардың аты-жөндері, нөмірлері жазулы» дейтін жолдың өзі — В. Гафттың «Живых всё меньше в телефонной книжке» деген тармағының «өзгерген» нұсқасы (Себебін төменде түсіндіреміз...). Әрине, мұны ақынның өзі қабылдар не қабылдамас. Бірақ бесенеден белгілі жайт мынау: Гафттың өлеңдегі бұл ойды қайдан алғанын білмейміз, ал Ақберен ақын мұны В. Гафттан алғаны анық. Себебі өлеңдегі кейіпкердің телефон нөмірін бірінші іздейтінінен бастап, «Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін» деп келетін ұмтылысына шейін (В. Гафтта бұл «Я всех найду, я всем звонить им буду, Где б ни были они, в раю или в аду» деп берілген) — бірдей. Неге бірдей? Оны қысқа ғана түсіндіріп көрелік. Ақын Ақберен Елгезектің өлеңінде: кейіпкердің телефонында тек тірі адамның нөмірі сақтаулы тұрады. Бұны автор «болашақ әруақ» деп берген. «Түбі бәрі өледі» деген ой ғой. Демек кейіпкердің өзі — баяғыда өліп қалған. Ал В. Гафт керісінше «телефонымда тірі адамның нөмірі азайып барады» дейді. Демек кейіпкер — тірі. Одан соң Ақберен ақынның өлеңіндегі кейіпкер телефонынан бәріне хабарласқысы келгенімен, өзі әлдеқашан әруаққа айналып үлгерген. Ал В. Гафттағы кейіпкер «өлгендердің де нөмірін өшірмеймін, олар жұмақта я тозақта болса да хабарласамын» деп тұр. Өлеңнің философиялық мәнін ашып тұрған көрініс те — осы екі сюжет. Біздіңше, А. Елгезек мұны өз кейіпкерінің әрекетін В. Гафттағы кейіпкер әрекетіне қарсы қоя отырып жазған. Ақберен ақындағы өлең В. Гафттың өлеңіндегі «өзгерген нұсқа» деуіміздің себебі — осы. «Еліктеу теориясы» арқылы баяндасақ, мәтіннен кейіпкердің әу бастан белгілі бір үлгіге еліктегенін, бірақ сол арқылы процесс типін қарама-қайшылыққа құрғанын байқауға болады. Тардтың пікірінше, саналы һәм бейсаналы болсын әрекетті «қарама-қайшылыққа» негіздеу де — еліктеудің бір түрі. «Еліктеу заңы» бойынша бұл — адаптацияға дейінгі оппозициялық кезең. Сонымен айтқымыз келгені: Ақберен ақын өз өлеңінде негізгі детальдарды сақтай отырып, В. Гафттың өлеңіндегі кейіпкер әрекетіне қарсы әрекетті өзінше жазып шыққан. Бұдан бөлек мұндағы мистик хәл де, өлі яки тірі кейіпкердің сезімдері де — бірдей.

3) Тардтың «еліктеу» теориясында үш заң барын айттық. Еліктеу, оппозиция және адаптация. Біздің қазір қарастырғалы отырған заңымыз осы үшінші кезең «адаптация» жайлы болмақ.

80 жылдары дүниеге келген буынды айтсақ, енді 90 жылдардан кейін дүниеге келген буынның ішінен Айбол Исламғали, Әлімжан Әлішер, Әділет Шопен сынды ақындардың (осы буында бұлардан бөлек тағы екі ақынды мысал қылдық) шығармашылығы жайлы сөз қозғамақпыз.

Ақын Айбол Исламғали шығармашылығында жалпы жақсы өлеңдер көп-ақ. Жаңаша жазады, соны тіркестер қолданады. Десе де сол өзге «өңнің» арасынан ескі сүрлеудің «табы» немесе ықпалы білініп қалып жатады. Мәселен, ақынның «Алматы. Көше. Манфред» деген тым жақсы өлеңі бар.

Ол:

Ақсақ күз шығарып сап құсты көлден,

Сарқанат сағынышпен ұшты бермен.

Кеңсайдан күбірлейді әруақтар —

Ай өксіп,

жел құлазып,

міскін өлген... — деп басталады. 

Бірақ осы өлеңнің алғашқы екі жолы сол Айбол Исламғалидің жерлесі, ақын Сағат Әбдуғалиевтің (1948-1984) «Махаббат әуені» өлеңінде де тұр. Тек Сағат ақын мұнда:

 

Кезікпей қызғышыма құсты көлден, 

Сарқанат сағынышым ұшты бермен. 

…Іздедім інжу кірпік іңкәрімді 

Жаздағы жасыл бульвар, скверден, — дейді.

 

Шын мәніндегі һас талант, өмірден ерте озған, ауылда жүріп елеусіз қалған ерекше дарын иесі Сағат Әбдуғалиевтің өлеңіне ұқсатып жазудың мысалы — тек бұл емес. Мәселен, Сағат Әбдуғалиевтің туғанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылған мүшәйрада бас жүлдені Абылайхан Мақсұтов есімді ақынның өлеңі жеңіп алған екен. Міне, соның Сағат ақынға арнаған «арнауында»:

 

Тіршіліктің кермек дəмін татар мың,

Қара өлеңді сен де алысқа апардың.

Талақ қылып дүниені бейопа,

Жүрегіңе жүгі түсіп жаһанның

немесе

Ғұмырыңда өтеді екен алысып,

Тентегіне тəйт демейтін текті елде.

Ақын да бір қаршагүл ғой, ағайын,

Қар астынан қылтияды көктемде дейтін шумақтар ұшырасады. Бірақ мұндағы ерекше жазумен берілген жолдар (қою қарамен) ақын Сағат Әбдуғалиевтің өзі жазған «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» немесе «Қуартпады күн нұры көктеменің, Қар астынан қылтиған қарша гүлін» деген жолдардан алынған. Бізді қызықтырғаны: сол жердегі «әділ» қазылар Абылайханға бас жүлдені қандай өлшеммен берді деген сұрақ көкейде туындағаны жасырын емес (Бұған авторды кінәламайтынымызды қоса кетейік). Бәлкім, олар Сағат ақынның аталған өлеңдерін білмейді яки «нағыз ақындықтың» анықтамасын біреуге еліктеу, дәл сол сияқты жазу деп ұқса керек... Жә, мұнымен әңгімемізді осы жерден тоқтатып, келесі ақынның өлеңін талдауға көшелік.

Оңтүстік өңірде сол 90 жылдан кейін дүниеге келген, ақын ретінде елге ерте танылған Әлімжан Әлішер есімді қаламгер бар. Әлімжанның «Бесеу» деп аталатын өлеңі бар.

Өлең былай:

 

Бастан бірдей көктем, жаз, күз кешерміз,

Солай аңсап, сағынып жүздесерміз.

Енді мені жалғыз деп ойламаңыз,

Енді жалғыз емеспін!

Біз — бесеуміз!

 

Біз — бесеуміз!

Ешкімнен арланбаймыз,

Сәбидей қиялдаймыз, армандаймыз.

Бірімізге біріміз қас болмаймыз,

Бірімізге біріміз жау болмаймыз.

 

Жат қылмайды ешкімді бұл ұямыз,

Бесеуіміз біртұтас дүниямыз.

Біз осылай жылаймыз қуаныштан,

Біз осылай қайғыдан жымиямыз!

 

Бұл жерде жоқ жауын да, жоқ дауыл да,

Менің бөлмем мейірбан мәрт бауырға.

Ойламаңыз жалғыз деп біз — бесеуміз:

Мен және төрт қабырға!

 

Бірақ осы өлеңнің орысша түпнұсқасы Татьяна Полякова есімді автордың «Ангелы нового поколения» кітабында «Мы сидим впятером» деген тақырыппен тұр. Кейбір деректе бұл өлеңнің авторы Александра Ладанова деп берілген. Қос автордың қайсы нағыз автор екенінен бұрын, бізге ең белгілісі өлеңнің «көшірме» екені. Әрине, сөзбе-сөз болмаса да, мұндағы ең негізгі ой: бесеудің анықтамасы – жалғыздық һәм «мен және қабырға» болуы. Ендеше өлеңнің орыс тіліндегі түпнұсқасын оқиық...

 

Мы сидим впятером и плачем над счастьем,

и смеемся над горем.

Мы сидим впятером, и удача над нами,

и разлука над морем.

 

Мы сидим впятером, перекинемся взглядом и опять замолчим.

Мы сидим впятером, ничего нам не надо ничего не хотим.

Мы сидим впятером, обсуждаем погоду и смушенно моргаем.

Мы сидим впятером, кипятим к чаю воду и печаль заливаем.

 

Мы сидим впятером,

Мы одни во вселенной.

Мы сидим впятером.

Я и стены.

 

Сонымен әрі қарай кеттік... Қазақ поэзиясында есім-сойы ерекше, өлеңі де өзгеше Әділет Шопен дейтін ақын бар. Пайымдауымызша, Әділет И. Бродскийдің өлеңдерімен «ауыратын» ақын болса керек. Себебін Ә. Шопеннің «Үрей» өлеңін оқығанда білдік.

Үрей

Мені жалғыз қалдырмаңдаршы

тастамаңдаршы өтінем.

Тыныштықта өз деміңді есту қандай қорқынышты,

тек тышқан тісін қайрап қарайды шетінен.

 

еденнің бұрышында түнімен,

қараңғылыққа жан бітеді үнінен.

арғы бөлмеден өзіңе ұқсас біреуді көргенде,

есiм шыға жүгiрем...

 

Сыртқа қашамын теріс қаратып киіп жейдемді,

(сондайда болады кейде енді).

шығып бара жатып айнадан көрем өзімді,

Өзімнің сатқын бейнемді.

Мені жалғыз қалдырмаңдаршы... — дейді Әділет ақын.

Бірақ бұл өлең И. Бродскийдің 1970 жылы жазылған «Страх» өлеңімен бірдей. Қателеспесек, мұны И. Бродскийдің «Полное собрание сочинений» немесе «Малое собрание сочинений» кітабының бірінен көрдік. Әйтеуір өлең И. Бродскийге тиесілі екені анық. Ендеше сол өлеңді де И. Бродскийдің нұсқасында оқып көрелік:

 

Вечером входишь в подъезд, и звук

шагов тебе самому

страшен настолько, что твой испуг

одушевляет тьму.

 

Будь ты другим и имей черты

другие, и, пряча дрожь,

по лестнице шел бы такой как ты,

ты б уже поднял нож.

 

Но здесь только ты; и когда с трудом

ты двери своей достиг,

ты хлопаешь ею — и в грохоте том

твой предательский крик.

 

Ә. Шопеннің «Үрейі» И. Бродскийдің «Страх» өлеңінен алынғаны айдан анық. Тек Әділет сол шығармада үрейге «мені жалғыз қалдырмаңдаршы» деген аянышты үнін қосып, оқиғадағы өз «қорқынышына» (И. Бродскийде ол «испуг» деп берілген) тышқанның тіс қайрап жатқанын, жалғыздықтан жейдесін теріс киіп алып қашып бара жатқан бейнені «шебер» қоса білген. Ал өлеңнің ең сәтті тұсы (орысша «ударный» деп айтар едік) «предательский крик», яғни сатқын айғай не үнді ол «сатқын бейне» деп, өңін өзгешелеп жіберген.

Осы буынның ішінде жалпы «қызық» дүниелер көп-ақ. «Еліктеу» кейде Г. Тард айтқандай, саналы һәм бейсаналы болады. Бәлкім, автордың биографиясы мен географиясы да оның шығармашылығына ықпал етуі мүмкін. Мәселен, ақын Абылайхан Жұмаштың (Атырау өңірінің тумасы) «Құлазу» атты өлеңінде Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіндегі тіркесті сәл өзгеше қолданғанын көре аламыз. Мұнда А. Жұмаш өлеңді:

 

Шертілмеген домбырадай шерлімін,           

Жан пернесін дөп басады енді кім?            

Көкірегім күйге тұнып тұрғанмен,    

Жыр жаза алмай құлазыдым мен бүгін, — деп бастап, орта тұсында:

 

Сезімменен туған өлең аяулы-ақ,        

Кезбе ойларым келді есіме баяулап.          

Көз алдымда бара жатты көлбеңдеп,

Кәрі аспанның төсіндегі Ай аунап,дейді. Ал бұл жердегі біз ерекшелеп жазып отырған тіркес Жұмекеннің «Баурына ап тау мен қырды түн қызғанды» өлеңінде:

 

Талықсып ескен самал баяулайды,

сайларға бозғыл сағым қалады ұйып.

Кәрі аспан төсегінде ай аунайды,

жабысып жамбасына жабағы бұлт, — деп жазылған. 

 

Біздің ойымызша, Абылайдың Жұмекеннің туып-өскен топырақтан екені оның өлеңінде де көрініс тапқан. Бірақ қанша дегенмен Жұмекен қолданған «Аспанның төсегінде Айдың аунауы» көбірек ойға қонымды.

4) Өз өңіріндегі ақындардың шығармашылығы ықпал етіп, кейбір «ұтымды» тіркесті саналы һәм бейсаналы қолдану 2000 жылдары дүниеге келген буында да бар. Соның бірі ақын Дәурен Тілеуханның (Ақтөбе өңірінің тумасы) «Ауылды аңсау» өлеңінде көрініс тапқан. Ол сол өлеңінде:


Шақтар қайда мекендер шаттық елін,

Қарттар қайда төгетін ақ тілегін?!

...Аулада асыр салып жүруші ем ғой,

Ағамның тартып алып тәттілерін, — деп бастап,

 

Өлеңнің түйінін:


Мұңаймалық, өмірді мың ойланып,

Білетінім: бәрі анық,

Құдай да анық!

Өмір өтіп барады көз алдымда,

Әжемнің ұршығындай шыр айналып...

Өмір өтіп барады көз алдымда,

Әжемнің ұршығындай шыр айналып...деп аяқтайды.

 

Ал сол соңғы шумақтағы соңғы екі жол Сағи Жиенбаевтың (Ақтөбе өңірінің тумасы) «Әженің жайлы арқасы» өлеңінде:

Әженің жайлы арқасы

Секілді мамық құстөсек,

Жабысып, қолдар айқасып,

Ертеден кешке түспес ек, — деп басталып:

Шуданы тастап шумақтап,

Жататын оның жанында

Бозала бұлттар будақтап.

Болмайтын қаяу,

Кіршік те,

Жатушы ем мен де жайланып,

Иірген әжем ұршықпен

Дүние қоса айналып... — деп аяқталады. 

 

Демек Сағи ақын жазған «дүниенің әжесі иірген ұршықпен бірге айналуы» және Дәурен Тілеухан жазған «өмірдің әжесі айналдырған ұршықтай шыр айналуы»: тіркестегі сөздердің инверсияға ұшырағанын, кейбір мәндес етістіктің өзгеруін есепке алмасақ, айтар ойы — біреу ғана. Ал мұны жазарда, Дәурен Сағи Жиенбаевқа саналы түрде я бейсаналы түрде «еліктегені» — маған белгісіз жайт...

 

Сөз соңы

 

Сөз басында біз келтірген мысалдар ешкімнің арына, намысына тимеуі қажет екенін әрі ешкім мұны келемежге айналдырмағанын қалайтынымызды айттық. Бұл мысалдар — біздің субъектив көзқарасымыздан туындаған ой және дәлелі бар дүние. Аталған құбылысты «еліктеу теориясы» деп бағалайтын Г. Тард та бұл қалыпты құбылыс екенін айтады. Қоғам да, қоғамдағы сана да осылай ғана дамиды, өседі. Бірақ ескеретін тағы бір жайт бар, біздіңше, саналы түрде «еліктеу» құбылысы — шығармашылықтағы дамуда үлкен бір комплекс.  Жай ғана комплекс емес, «жақсы жазу да — үлкен күнә» екенін дәлелдейтін комплекс.

Сопылық ілімнің ірі өкілі Мансұр әл-Халадждың өліміне қатысты айтылған: «Киелі адам — әлемнің күнәсі мен ауруын өз мойнына алған адам» дейтін сөз бар екен. (орысша нұсқасы «Святой — это тот, кто берёт на себя грехи и боль мира»). Бірақ біздің осы бір дүниені жазудағы мақсұт — «киелі» болып көріну не басқасы да емес, «айтпасаң сөздің атасы өледі» деген кеп. Мұны саналы оқырман есіне тағы да жақсылап сақтап алсын деп айтып отырмыз!

Сондықтан бұл жазбамызда ешкіммен бас араздығым жоқ екенін, қайта мен мысал қылып келтірген адамдардың бәрін сыйлайтынымызды ерекшелеп айтқымыз келеді. Біздің тірлік — автордың өзін емес, «сөзін», дәлірек айтсақ, шығармашылығындағы кейіпкер мен оқиғаның ұқсастығын «еліктеу теориясы» арқылы талдау. Ендеше біздің жазғанымызды сын таразысына салу — тек әділ оқырманның еншісінде!..

Алтынбек Мерсадық

Алтынбек Мерсадық Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «журналистика», «әлеуметтану» мамандықтары бойынша оқыған. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Республикалық «Күміс Қалам 2022» байқауының Жәркен Бөдеш атындағы арнаулы сыйлығының, сонымен қатар Таласбек Әсемқұлов атындағы сыйлықтың иегері. «Сәби» қоры ұйымдастырған республикалық поэзия байқауында жеңімпаз атанған. Өлеңдері kitap.kz онлайн кітаптар желісіне шығып, «Қазақ әдебиеті» секілді республикалық басылымдарда, сайттарда жарық көрген. «Әдеби сын» номинациясы бойынша Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының лауреаты.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon